ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
Контакт-центр:
1465
E-mail:
info@zhkh.kz
Жаңалықтар
Өңдеуші өнеркәсіп көрмесі шеңберінде республикалық кеңесте тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту мәселелері талқыланды
Ondeu Expo өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі аясында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті

Іс-шараны ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ және «Қазақстан Су Арнасы» Қазақстан Республикасының сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесуге облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктерінің, аудандық сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындарының өкілдері, мүдделі бизнес ұйымдар қатысты. Кеңеске қатысушылар коммуналдық инфрақұрылымды, оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың негізгі мәселелерін, проблемалары мен перспективаларын талқылады.

Кеңесте айтылған ақпаратқа сәйкес республика бойынша барлығы 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар, орташа тозуы-51 %, оның ішінде жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 14 мың км, орташа тозуы-54 %. Жылумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту үшін Министрлік қаржыландырудың үш механизмін іске асыруда: мақсатты трансферттер, бюджеттік кредит, табиғи монополиялар субъектілерінің күрделі шығындарын 50 % - ға дейін субсидиялау.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Адилхан Умербаев қатысушыларды КТҚ-ны салу және реконструкциялау жобаларын дайындау және іске асыру барысы туралы таныстырды.

Осы жұмыс шеңберінде іске асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздері бойынша КТҚ-ны салу және реконструкциялау талап етілетін Қазақстан Республикасының 68 қаласының тізбесі әзірленді.

Сарқынды суларды тазарту саласында жаңа технологияларды тарту мақсатында ТКШ ҚазОрталығы Құрылыс және ТКШ істері комитетімен бірлесіп Сарқынды суларды тазартудың ұлттық стандарты әзірленді және бекітілді. Бұдан басқа, жобаларды дайындау мерзімдерін қысқарту мақсатында құрылыс нормативтеріне өзгерістер енгізілді, соның нәтижесінде қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар жобалау алдындағы құжаттаманы (ТЭН) жасамай-ақ ЖСҚ-ны әзірлейді.

ҚР Үкіметі ТКШ ҚазОрталығын КТҚ жобаларының операторы ретінде айқындады. Адилхан Умербаев ТКШ ҚазОрталығы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтіп, барлық қазақстандық компанияларды, оның ішінде жобалаушыларды, материалдар мен жабдықтарды жеткізушілерді, құрылыс компанияларын КТҚ жобаларын іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Тағы бір негізгі бағыт сумен жабдықтау. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау желілерінің тозуы – 43 %, су бұру желілерінің тозуы – 55 %. 2025 жылдың соңына дейін 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін шешу жоспарлануда. Қазіргі уақытта көрсеткіштері төмен өңірлерге айтарлықтай басымдық негізінде қаражат бөлінеді, бұл өз кезегінде артта қалған өңірлер көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Кеңеске қатысушылар кәсіпорындардағы цифрлық технологиялар мен автоматтандыруды енгізу тәжірибесімен, SCADA бақылау және басқару жүйесімен, заманауи технологиялар мен жабдықтармен танысты.