ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
Контакт-центр:
1465
E-mail:
info@zhkh.kz
Жаңалықтар
Үйді смартфонмен басқаруға мүмкіндік болады Барлық құқықтар қорғалған.
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде пәтер иелерінің кооперативтері таратылып, көп пәтерлі үйлердің тұрғындары мен мүлік иелері өзін-өзі басқаруға көшетіні белгілі. Дау-дамай жиі туындап жататын кооперативтердің орнына Мүлік иелерінің бірлестіктері немесе Жай серіктестіктер құрылады. Бұл қаражатты ашық жұмсауға және сапалы қызмет көрсетуді талап етуге мүмкіндік береді. Яғни, мүлік иелері тұрғын үйлердің жай-күйін өздері бақылап, сервистік компанияларды жалдап, мемлекеттік органдарға жүгініп, үйді ұстауға қажетті басқа да процестерді басқара алады. Осындай жұмыстарды барынша жеңілдету үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ базасында мобильдік қосымшасы бар интернет-портал түрінде «Е–Шаңырақ» цифрлық платформасы ұсынылады. Қарапайым тілмен айтқанда, портал бәріне таныс eGov электрондық үкіметінің сервисіне ұқсас. Бірақ тек тұрғын үй-коммуналдық қатынастар саласына бағытталады. Осыған орай «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ербол Төлеуовті сөзге тартып, «Е-Шаңырақ» жүйесі және оны дамытудың алдағы перспективалары туралы білген едік.
20
апрель

- Ербол Уәлиұлы, еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Е-Шаңырақ жобасының іске асырылатыны туралы біраздан бері айтылып келеді. Осы жоба жөнінде айтып берсеңіз. Оның мақсаты не? - Қысқаша айтқанда, «Е- Шаңырақ» - республиканың барлық тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын цифрландыруға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Негізгі мақсатының бірі - тұрғын үй қатынастары саласына қатысты барлық ақпаратты орталықтандырылған негізде жинау және сақтау. Бірінші кезекте, бұл - көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарынан алынатын деректер, атап айтқанда ел бойынша тұрғын үйлердің саны, олардың техникалық жай-күйі, есепке алу аспаптарының орнатылуы сияқты тағы басқа мәліметтер. Ол мемлекеттік органдар үшін кәсіби деректер базасы болып, елдегі тұрғын үй қорына қатысты қандай жүйелі және нақты проблемалар бар екенін түсіну үшін жедел талдау жасауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта пәтер иелерінің баға қоюына, басқарушылар мен сервистік компаниялардың рейтингтері мен тізілімдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін амалдарды енгізу жоспарланып отыр. Бұл оларды сапалы жұмыс істеуге ынталандырады, сондай-ақ халыққа барынша жауапты мамандарды таңдауға мүмкіндік береді. «E-Шаңырақ» жүйесінде жинақталған деректер саланың ашықтығын арттыруға және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық секторына қатысушылар арасында бәсекелестік нарықты қалыптастыруға негіз болады. - Жобаның халыққа пайдасы қандай? - Елімізде тұрғын үй қатынастары реформасы жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы жазда толықтай Мүлік иелерінің бірлестіктері мен Жай серіктестіктерге көшетінімізді айттым. «Е-шаңырақ» осы процестің негізін қалайды. Платформа әмбебап құралдарды ұсынады. Солардың көмегімен әр адам өз үйін басқаруға тікелей қатысып, идеяларын ұсына алады. Онлайн-дауыс бере алады, сонымен қатар қажетті ақпаратты, соның ішінде үйді күтіп ұстау жоспарлары, оған кететін шығындар туралы ақпарат алады. Үйден шықпай-ақ, сайтқа немесе «Е-Шаңырақ» жүйесінің мобильдік қосымшасына кіріп, үйдің техникалық күтімі, төлқұжаты және тұрғындар жиналысын өткізу туралы мәліметтерге қол жеткізеді. - Атқарылып жатқан шаралар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істейтін бизнеске кері әсер етпей ме? Бұған дейін кәсіпкерлік қауымдастық жобаға қарсы болған еді. «Е-Шаңырақ» олардың қызметі мен дамуына қалай әсер етеді? - Мұндай күдік-күмән болғаны рас. Олардың барлығын негізсіз деуге де келмейді. Сондықтан Бәсекелестікті қорғау агенттігінде бизнес өкілдерімен көптеген кездесулер ұйымдастырдық. Пікірталастар өтті. Олардың ұсыныстарын тыңдап, платформаға енгіздік. «Е-Шаңырақ» қазіргі уақытта бизнес үшін көбірек мүмкіндіктер жасайды. Мысалы, қазір Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласында кәсіпкерлерге тиесілі 15-тен астам мобильдік қосымша жұмыс істейді. Бірақ, олардың мүмкіндіктері шектеулі. Өйткені жеке компаниялар ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес мемлекеттік органдардың деректер базасынан ақпаратқа тікелей қол жеткізе алмайды. Ал «Е-Шаңырақ» мемлекет құзіретінде болғандықтан және тұрғын үй коммуналдық сала бойынша барлық деректер бір порталда жиналатындықтан, бизнес платформаға қосылған кезде қажетті мүмкіндіктерге ие болады. - Өткен жылдың қыркүйек айында «Е-Шаңырақ» пилоттық режимде іске қосылғаны хабарланды. Жазға дейін аз уақыт қалды. Қазір платформа толық дайын ба? Жоба шикі боп шығып, азаматтардың наразылығын тудырмай ма? - Бұл жоба 2016 жылы басталды. Бірақ, нақты жұмыстарға 2021 жылы кірістік. Біз барлық қажетті ресми іс-шаралардан өттік. Енді ақпараттық қауіпсіздік сертификатын алу қалды. Осыдан кейін жүйе мемлекетке беріледі. - Сұхбатыңызға рақмет!


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/uydi-smartfonmen-baskaruga-mumkindik-bolady_a3921876