ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ-ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
Әлеуметтік желілер:
E-mail:
info@zhkh.kz
Телеграм Бот
Жаңалықтар
ЖАҢА ЖҮЙЕ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК
Елімізде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту саласында реформалар жүріп жатыр. Пәтер иелері кооперативтері ПИК (КСК) орнына тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары енгізілуде.
13
декабрь

Тұрғын емес үй-жайлардың, пәтерлердің меншік иелері келер 2021 жылдың 7 қаңтарына дейінгі мерзімде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша Заң күшіне енген сәттен бастап бір жыл ішінде үйді басқару нысанын жай серіктестік немесе мүлік иелерінің бірлестігін таңдау үшін жиналыс өткізуі керек. Қазір жұмыс істеп жатқан ПИК 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыс істеуге құқы бар. ПИК пен МИБ-тің айырмашылығы неде? Осы және басқа да тұрғын үй түйткілдерінің жай-жапсарын білу үшін, елімізде жаңа жүйеге көшу қалай жүріп жатқаны жайлы мәселенің мән-жайына қанығу үшін «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Нұрбек Серіковпен сұхбаттасқан едік.

ПИК-тен МИБ-ке

– Нұрбек Нұржанұлы, ең әуелі оқырмандарымызға ПИК пен ММИБ -тің айырмашылығын түсіндіре кетсеңіз?

– MМИБ дегеніміз – Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (MМИБ). ПИК-пәтер иелерінің кооперативі(КСК). Бүгінгі таңда Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (MМИБ) түрінде коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны құрылып, олар «бір үй – бір МMИБ – бір шот» принципі бойынша жұмыс істейді. Заң бойынша пәтер иелері кооперативтерінің орнына көп пәтерлі тұрғын үйді басқарудың 2 нысаны анықталған: МMИБ – заңды тұлға немесе көп пәтерлі тұрғын үйде пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері мүліктің меншік иелері бірлестігін құрғысы келмесе жай серіктестік (заңды тұлға құрмай-ақ) ЖС болады. Пәтерлердің (тұрғын емес үй-жайлардың) меншік иелері 2021 жылғы 7 қаңтарға дейінгі мерзімде (Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде) үйді басқару нысанын (мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік) таңдау үшін жиналыс өткізуі қажет. Көп пәтерлі тұрғын үй иелері жиналыс өткізіп, МИБ не қарапайым бірлестік құру туралы шешім қабылдайды. Жиналысқа тұрғындардың кемінде 51 пайызы қатысуы тиіс. Қабылданған шешімді меншік иелерінің кемі 26 пайызы қолдауы керек. МИБ пәтер иелерінен құрылады. Жиналыста тұрғындар өз араларынан үй кеңесін, ревизиялық комиссия, бірлестік төрағасын сайлайды. Аула сыпырушы, электрик, құбыр жөндеушілер штатқа алынбайды. Қызметкер санына емес, нақты істеген қызметіне төленеді. Ол қызметтерді келісімшартпен сервистік компаниялар атқарады.

ПИК(КСК) бірнеше тұрғын үйді басқарады. Он немесе жүз шақты үйге бір ғана есепшот ашылғандықтан тұрғындардан жиналған ақшаның қайда жұмсалып жатқанын нақты білу мүмкін емес. Сырттан келген басқару мекемелері тұрғындарға өздерінің қызметі мен тарифін белгілейді. Ал, ММИБ құрамына сол үйдің тұрғындары ғана кіреді. Әрбір үй жеке басқарылады, жеке шот болады. Ай сайын қаншадан жинауды өздері белгілейді. Өзінің жеке жинақ шоты болады. Яғни, жаңа жүйе пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтерді тұрғындарға күштеп таңуды жоюға мүмкіндік береді және тұрғындар қаражатын жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етеді. ММИБ коммерциялық ұйым болмағандықтан салық төлемейді, пайда табуды көздемейді. Жиналған қаржының барлығы дерлік тұрғын үйді жинауға, жөндеуге жұмсалады.

ПАНДЕМИЯ ТҰРҒЫН ҮЙ РЕФОРМАСЫН ТЕЖЕУДЕ

— Нұрбек Нұржанұлы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жаңа жүйеге көшу қалай жүріп жатыр?Бұдан былай, ПИК-тер (КСК) таратыла ма сонда?

— Иә, қазіргі кезде көппәтерлі тұрғын үйлер әзірге басқарушы компаниялардың қарамағында, көбінде бұрынғыша ПИК-тер қызмет көрсетуде.

Егер пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері үй-жайлардың (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативі, пәтерлердің,тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері нысанында қалғысы келсе, онда заңнамада олардың қызметін жүзеге асыру мерзімі 2022 жылғы 1 шілдеге дейін көзделген. Көппәтерлі тұрғын үйде МИБ немесе ЖС құрылмай, көппәтерлі тұрғын үйді басқаратын басқарушы компаниялар көппәтерлі тұрғын үйді тікелей басқара алмайды.

Бүгінгі таңда кондоминиум объектісін басқаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты мәселелерді талқылау тұрғындарға сауалнама жүргізе отырып жазбаша, ZOOM платформасы арқылы онлайн режімде жүргізіледі.

Биылғы пандемия тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту саласындағы реформаға біршама тұсау болғаны шындық. Карантин кезінде МИБ, ЖС құруға тұрғындардың басын қосып жиналыс өткізу мүмкін болмады. Әрине, бұл жағдай МИБ және ЖС құру процесін тежейді. Соған қарамастан, 2020 жылғы 26 қарашадағы жағдай бойынша республика бойынша 338 МИБ тіркелген (оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы – 132, Алматы қаласы – 126, Қостанай облысы –23, Ақмола облысы – 14, Маңғыстау облысы – 18, Павлодар облысы – 6, Атырау облысы – 2, Ақтөбе облысы – 5, Батыс Қазақстан облысы – 4, Солтүстік Қазақстан облысы – 3, Қызылорда облысы – 1, Шымкент қаласы – 1, ШҚО – 4). Ал жай серіктестер Алматыда – 172; Шымкентте – 56 құрылды».

– Тұрғындар реформаны қалай қабылдауда? Ақпараттық, түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі қай деңгейде?

– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде реформаны тиімді іске асыруды қамтамасыз мақсатында біздің басқарма тарапынан ауқымды шаралар жүргізілуде.

Басқарудың жаңа нысандарын енгізу үшін бүгінде тұрақты негізде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ БАҚ-та мақалалар жариялауда. Әлеуметтік желілерде инфографика мен бейнероликтер жариялау арқылы халықты реформаның іске асырылуы туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында МИБ төрағалары, ЖС сенімді тұлғалары, Көппәтерлі тұрғын үй басқарушылары, басқарушы компаниялары үшін дағдылар мен білім алу үшін кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқару және күтіп-ұстау бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды.

Өңірлерде МИБ немесе ЖС институтын ауқымды енгізу үшін жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар заң шеңберінде азаматтарға заң және қаржы мәселелерінде, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және күтіп-ұстау саласындағы даулы жағдайларды азайту үшін өңірлерде туындайтын проблемаларды шешуде кеңес береді.Осыған байланысты, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ға, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға тегін кеңес алу үшін жүгіне алады. Бұл білім-білік елімізде МИБ және ЖС тіркеу, құру үшін қажетті құжаттарды жасауда қателіктерге жол бермейді.

ТАРИФТЕР КӨТЕРІЛЕ МЕ?

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту саласындағы өзгерістен не күтеміз? Адамның бәрін алаңдатқан мәселе: тарифтер арзандай ма, әлде көтеріледі ме?

– Коммуналдық қызметтерге тарифтерді табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдар белгілейтінін атап өту парыз. Сондықтан, басқару формасының МИБ-ке немесе ЖС-ға өзгеруі коммуналдық төлемдердің мөлшеріне әсер етпейді.

Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері тариф өссе де, бұл ақша өз үйін күтіп-ұстауға жұмсалатынын түсінгені абзал. Бұл ретте тарифтің ұлғаюы шығыстар сметасына үйді сапалы күтіп-ұстау үшін қосымша қызметтерді қосқан кезде мүмкін болады.

Тарифтер төмендеуі де мүмкін. Ол сол үйдің жертөлесінде, техникалық қабаттағы үй-жайларды, орын жайларды жалға беруден қосымша кіріс алу есебінен мүмкін болады. Себебі, МИБ не ЖС-ға (жай серіктестік) көшкен кезде көппәтрелі тұрғын үйді бұрынғыдай басқарушы компания емес, өздері басқарады, өздері қарайды. Барлық нәрсе ашық көріністе болады.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру туралы не айтасыз? Тұрғындар белсенділік танытуда ма, жоқ немқұрайдылық бар ма?

– Бізге мәлім болған деректер бойынша нарықта тұрғын үй қорының процестерін автоматтандыратын іске асырылған АТ-шешімдері бар, 10-нан астам АТ-компаниялар бар. «Самғау» холдингі, «Интегро», «Cloudmaker» ЖШС, «BI INNOVATION» ЖШС, «Астананы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС, «Digital Business Services» ЖШС, «Bfgroup Inc» ЖШС, «Смарт ЕХ» ЖШС, «E-home» ЖШС және т.б. сияқты компаниялар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Орал, Ақтау, Семей және т.б. қалаларда көппәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша ақпараттандыру объектілерін енгізді. Енгізілген АТ-шешімдер онлайн-режимде жиналыстар өткізуді, тұрғын үй қорын басқаруға байланысты мәселелер бойынша пәтер иелерінің дауыс беруін өткізуді, ағымдағы және күрделі жөндеулерді, сондай-ақ тұрғын үй қорының меншік иелері арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізуді, шағымдар мен өтінімдер беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта ақпараттандыру объектілері 14 182 көппәтерлі тұрғын үйлерде, 484 544 пәтерлерде және 1 195 коттедждерде енгізілген. Ақпараттық жүйелермен қамту көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы санының тек 18%-ын ғана құрайтынын ескерсек, әзірге тұрғындар мен пәтер иелері тарапынан белсенділік байқалмайтынын айта кеткіміз келеді. Алайда, цифрландыру- заман талабы, бүгінгі күннің кезек күтірмес басты мәселелеріің бірі.Алдағы уақытта бұл мәселе біртіндеп оң шешімін табатынына сенімім мол.

ТҮЙІН

Әл-әзір жаңа құрылым төрге оза қойған жоқ. Ескі жүйе жұмыс істеп тұр. Көршілерімнің көбі заңнан да, жаңа жүйеден бейхабар. Көршілер чатында әңгіменің ауанынан олардың тарифтердің құны мен кейбір қызметтерге көңілі толмайтынын(лифт қызметіне) аңғардым. Базбіреулері сенімсіздік танытты. «Кім басқарса да қызметі көңілімізден шықса. Ай сайын комқызмет төлеп отырмыз. Сол ақша қайда кетіп жатыр дегізбесе екен» дейді. Тұрғындарды алаңдататын мәселе – жайлы тұрмыс, қауіпсіз өмір, тиімді тариф.

Әтіргүл ТӘШІМ, журналист

Нұр-Сұлтан